Абиотикалық факторлар – тірі емес табиғат компоненттері. Оларға температура, жарық, су, ылғалдылық, ауа құрамы, топырақтың құрылымы, минералды заттардың мөлшері, тұздылық, рН, жел және қысым жатады. Әрбір организм осы факторлардың белгілі бір диапазонында тіршілік ете алады. Мысалы, кактустар судың тапшылығына бейімделген, олардың сабақтарында су жиналады, жапырақтары тікенектерге айналған, бұл булануды азайтады. Ал су өсімдіктері су ортасында тіршілік етуге бейімделіп, олардың дене құрылысы мен газ алмасуы өзгеше қалыптасқан. Температура организмдердің зат алмасу жылдамдығына, ферменттердің белсенділігіне және көбеюіне әсер етеді
Биотикалық факторлар тірі организмдердің бір-біріне әсерін білдіреді. Оларға бәсекелестік, жыртқыштық, паразитизм, мутуализм, комменсализм және басқа байланыстар жатады. Мысалы, өсімдіктер жарық, су және минералды заттар үшін бәсекелеседі. Жыртқыштар өздерінің қоректік организмдерінің таралуы мен санына әсер етеді. Паразиттер иесінің тіршілік әрекетін әлсіретіп, оның өсуі мен көбеюін төмендетуі мүмкін. Симбиоз кезінде екі организмнің бір-бірімен байланысы олардың тіршілік мүмкіндіктерін арттырады.
Антропогендік факторлар адамның табиғатқа әсерінен пайда болады. Өнеркәсіптік ластану, орман кесу, жер жырту, урбанизация, аңшылық, су қоймаларын өзгерту және климаттың өзгеруі организмдердің экологиялық қуыстарына әсер етеді. Мысалы, орман кесілген кезде ағаштардың жоғарғы қабатында тіршілік ететін құстардың мекендеу орны бұзылады, ал ашық жерге бейім жануарлар үшін жаңа жағдай пайда болуы мүмкін. Адам әрекеті кейбір түрлердің экологиялық қуыстарын тарылтып, олардың санының азаюына себеп болады.
Экологиялық қуыстың қалыптасуына факторлардың жеке әсері ғана емес, олардың бір-бірімен байланысы да маңызды. Температураның жоғарылауы су булануын арттырады, бұл топырақ ылғалдылығын азайтады. Ылғалдың азаюы өсімдіктердің өсуін тежеп, шөпқоректі жануарлардың қорек мөлшерін төмендетеді. Осылайша бір фактордың өзгеруі бірнеше организмнің экологиялық қуысына бір уақытта әсер етеді.