Антропологиялық зерттеулер бойынша, алғашқы еңбек құралдарын жасай алған адам – Homo habilis шамамен 2,4–1,4 миллион жыл бұрын өмір сүрген, ал қазіргі адам – Homo sapiens шамамен 300 мың жыл бұрын пайда болған. Адамзаттың әртүрлі құрлықтарға кеңінен таралуы ұзақ тарихи кезеңді қамтып, мезолит дәуірінің басында Жер шарындағы адам саны шамамен 3–5 миллионға жетті, бірақ бұл кезде халықтың орташа тығыздығы өте төмен болды. Палеолит дәуірінде адамдар ірі жануарларды аулауға бейімделіп, негізінен аңшылықпен, балық аулаумен және жабайы өсімдіктерді жинаумен айналысты. Шамамен 10–12 мың жыл бұрын плейстоцен дәуірі аяқталып, климат жылына бастағанда, мұздықтардың еруі мен климаттың өзгеруі нәтижесінде көптеген ірі жануарлардың тіршілік ортасы өзгеріп, кейбір түрлері жойылып кетті; ғалымдар бұл құбылыстарды алғашқы табиғи-экологиялық дағдарыстардың бірі ретінде қарастырады. Осы тұста адамзаттың тастан жасалған құралдарды, найзалар мен балталарды жетілдіруі табиғатқа әсерін біртіндеп күшейтті. Сонымен қатар, шамамен 1,9 миллион жыл бұрын адамдар қарапайым баспаналар салуды меңгеріп, отты пайдалануды, кейін оны өздері жағып, сақтауды үйренді, бұл олардың суық климат жағдайларына бейімделуіне және тіршілік ету мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етті.