Жануарлардың тіршілік орталары бір-бірінен физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттері бойынша ерекшеленеді. Су ортасында гидробионттар тіршілік етіп, температура, тұздылық, жарық, гидростатикалық қысым және еріген оттегі сияқты абиотикалық факторлардың әсеріне ұшырайды. Топырақ ортасында геобионттар мен геофилдер мекендеп, топырақ ылғалдылығы, аэрация, гумус мөлшері және қышқылдық деңгейі маңызды рөл атқарады. Ал тірі ағзалар ортасында паразиттер мен симбионттар тіршілік етіп, олардың таралуы мен дамуына иесінің физиологиялық жағдайы және биотикалық байланыстар әсер етеді.
Экологиялық факторлардың кең ауқымына төзімді ағзалар эврибионттар, ал белгілі бір факторлардың тар ауқымында ғана тіршілік ете алатын ағзалар стенобионттар деп аталады. Сонымен қатар ылғалды ортада тіршілік ететін ағзалар гигрофилдер, құрғақшылыққа бейімделген ағзалар ксерофилдер, ал орташа ылғалдылық жағдайында тіршілік ететін ағзалар мезофилдер деп аталады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Сағымбаев Ғ. Экология негіздері. - Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1995. - 296 б.
2. Жатқанбаев Ж.Ж. Экология негіздері. - Алматы: Зият, 2003. - 212 б.
3. Қуатбаев А.Т. Жалпы экология. - Алматы: Дәуір, 2012. - 376 б.
4. Оспанова Г.С., Бозшатаева Г.Т. Экология. - Алматы: Эпиграф, 2016. - 315 б.