Жарық спектрінің өсімдікке әсері тек фотосинтезбен шектелмейді. Спектрлік құрам өсімдіктің морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне ықпал етеді. Жапырақтың көлемі мен қалыңдығы, сабақтың өсуі, өсімдіктің кеңістікте орналасуы және кейбір даму процестері жарықтың сапасына байланысты өзгеруі мүмкін.
Табиғи ортада жарықтың спектрлік құрамы тұрақты болмайды. Өсімдікке жететін жарық мөлшері мен оның спектрі атмосфера жағдайына, күннің биіктігіне, бұлттылыққа, маусымға және өсімдік жамылғысына байланысты өзгереді. Мысалы, орманның жоғарғы ярустарындағы өсімдіктер жарықтың негізгі бөлігін қабылдап қояды. Сондықтан төменгі ярустарға жететін жарықтың мөлшері азайып қана қоймай, оның спектрлік құрамы да өзгереді. Мұндай жағдайда төменгі ярустағы өсімдіктер әлсіз жарыққа бейімделуге мәжбүр болады.