Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Сөз өнерінің ерекшеліктерін, қоғамдық рөлін, көркем шығарманы танудың принциптерін, талдауын, әдістері мен методологиясын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен ағыс мәселелерін тексереді, талдайды. Сонда әдебиет теориясының зерттеу объектісі де үшеу болғаны — әдебиет, әдеби шығарма, әдеби процесс. Әдебиет дегенде, оның тағы да үш түрлі яки, таным тарапындағы, тәрбие саласындағы және эстетикалық мәні мен мәнісі дара-дара сараланады. Әсіресе эстетикалық табиғатына ерекше назар аударылады.