Әдебиет пен өнері. Қазақ әдебиетінің ежелгі бастаулары б.з.б. 3 – 1 ғ-лар аралығында пайда болған “Алып Ер Тоңға”, “Шу батыр” дастандарында жатыр. Осынау жазбалардағы оқиғалардың қазақ халқының арғы тарихымен тығыз байланыста өрбігендігі соңғы уақыттардағы ғылыми ізденістер барысында толық дәлелденді. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері ұлттық әдебиетке тікелей қатысты үш түрлі мәселенің басын ашып берді. Біріншіден, қазақ жазба әдебиетінің түп-тамыры Түрік қағандығы тұсынан басталатыны белгілі болды. Екіншіден, өз дәуірінің кескін-келбетіне сай дамыған мәдениеті мен өнерінің болғанын айғақтады. Үшіншіден, жазба жәдігерлер поэтик. қуатымен, тарихи шежірелік сипатымен және ой тереңдігі, мазмұн байлығы, көркемдік қасиеті жағынан түркі тайпаларында сөз өнерінің жоғары дәрежеге жеткенін көрсетті. Жазба ескерткіштерінде ауыз әдебиеті үлгілерінің мол орын алуы, кейін сопылық поэзияда фольклорлық түрдің қолданылуы – фольклорлық мұра қашан да жазба әдебиеттің қайнар көзі, өркен жаюына ықпал жасайтын үлкен арна болғанын аңғартады. Халықты тарихи және рухани тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс ретінде фольклор ұлттың көркемдік ой-көзқарасын, эстет. талап-талғамын, танымдық түсінігін қалыптастырумен қатар, түркі әдебиетіне ғана тән әдеби дәстүр туғызды. Түрік қағандығы құлағаннан кейін түркі тілді тайпалардың мәдениеті, өнері, әдебиеті және тілінің тарихи дамуы мен өркендеуінің негізгі орталығы қазақ даласы болды. Қазақстан мен Орта Азияда ислам дінін таратушылар түркі тайпаларының арасында мұсылмандықты рухани байлықтың ықпалымен орнықтыруға күш салды. Алайда арабтардың мәдени және әдеби мұрасы, рухани дүниетанымы мен дамуы мүлде бөлек елдің ғасырлар бойы жасаған дәстүрін бұзып, не жойып жібере алмады. Керісінше, оны байытып, өркендеуіне ықпал жасады. Осыған байланысты тарих сахнасына шыққан түрік даласы даналарының, өнер иелерінің, ғылым қайраткерлерінің көркем шығармалары мен ғылыми зерттеу еңбектері қазақ әдебиеті мен қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихына тікелей ықпал етті.