Мағжан қазақ сөзінің тазалығы үшін күресіп, ұлттық тілдің бейнелі сөз бедерінің айшықты бояуларының жоғалғанын айтып қана қойған жоқ, ұлттық тіл байлығының молдығын, көркемдігін тілге тиек ете келіп теңіздей тұңғиық мәнді сөздерден айырылып бара жатқанымызды орынды ескерте білді. Бұл ақынның рухани қазынаны жете ардақтауы, ұлт санасында қалдыруға деген ұмтылысы. Оған мына сөзі дәлел болады. «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі болғанда, ең сұлулары ұмытылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ болып қалған» Мағжан сияқты ұлт зиялыларынан бастау алған тіл тазалығы үшін күрес бүгінгі күнде де толастаған емес. Таза сөз, ана тілде басқа тілдің элементтерін қоспай таза сөйлеу бүгінгі күнде де талай айтылып, қозғалып келе жатқан мәселе.