Екіншіден, әдебиетті түсіндіргенде оқулықта, ең алдымен, осы сөздің өзін анықтап алу мақсат етілген. Алғашқы тақырыптан бастап әдебиет, ол – өнер, сондықтан өнердің өзін түсініп алалық дейді де оны өте ұғынықты, қарапайым сөзбен баяндап береді: «Өнер түрлі болады. Біреулер үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, киіз басады, ыдыс істейді, тағысын тағы сол сияқты шаруаға керек нәрселерді жасайды . Біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сурет салады. Әдемі ән, әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы өнер мен соңғы өнердің арасында айырым бар. Алдыңғы өнерден шыққан нәрселер күн көру ісіне қажет шаруа керек- жарақтары. Мұны істегенде, сұлуынан жылуы дегендей, көркем болуын көздемейді, тұтынуға қолайлы, жайлы, берік болу жағын көбірек көздейді. Екінші өнерден шыққан нәрселер, жылуынан гөрі сұлу болуы көбірек көзделінгендіктен, көзге көркем , көңілге жағымды болып істелген нәрселер; алдыңғы нәрселер адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер; соңғы нәрселер адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер. Сондықтан, алдыңғы нәрселерді жасауға жұмсалатын өнер – тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады да, соңғы нәрселерге жұмсалатын өнер – көркемшілік үшін жасалатын көрнек өнері болады.