Айталық, Аристотель өзіне дейінгі философтар сияқты, болмыс мәселесіне айрықша көңіл бөле келіп, оны адамның білімімен біте қайнастыра қарастырады. Міне, осы болмыс пен білім негізін ашудағы ұғымдардың қандай рөл атқаратыны жөніндегі мәселе де Аристотельді қатты толғандырады. Бұл мәселе, сонау Сократтан бастап, философияның негізгі көкейтесті мәселесіне айналған болатын. Платон сияқты Аристотель де ұғымдардың өзіне тән ерекшеліктерін көрсетіп, олардың болмысты, табиғатты, ғарышты, тағы басқаларының қасиеттері мен негізгі мәнін түсінуде айрықша кұрал екендігін атап көрсетті. Бірақ Аристотель, Платон сияқты, ұғымдар мен идеялар өз алдына дербес өмір сүреді деген ойдан аулақ. Аристотельдің ойынша, осы ұғымдар болмыссыз, табиғатсыз, бізді айнала қоршаған дүниесіз өз дербестігін жоғалтады. Платон ұғымдарды, түрлерді, идеяларды сезімдік заттар дүниесінің мәні деп қарап, оларды бір-біріне қарама-қарсы қойса, Аристотель бүған ашықтан ашық қарсы шықты. Оның айтуынша, мұндай жалған ойдың негізі тарихи жағынан алғавда өзінің бастауын сонау Гераклиттің диалектикалық көзқарасынан алады. Өйткені Гераклит сезімдік заттар дүниесі үнемі өзгеріп, қозғалып отырады деген қағиданы негізге алды. Платон да өзінің философиялық жүйесінде осы Гераклиттің пікіріне сүйене отырып, үнемі өзгеріп, қозғалып отыратын сезімдік заттар дүниесіне қатысты ешбір ақиқат жоқ деп есептеді.