Қарапайым отбасының түлегі, әкесі теріден ер-тұрман, жүген, шідер жасайтын шаруа болған. Канттың гимназияға, кейін Кенигсберг университетіне түсіп, білім алуына Шульц деген пастор қол ұшын берген. Университетте Кант философия мен қатар жаратылыстану ғылымдарын (математиканы, физиканы, астрономияны, географияны және меднцинаны) тиянақты оқып, меңгереді. Белгілі грузин, кеңес философы М.К. Мамардашвилидің жазғанындай, біз үшін Канттың ілімімен, еңбектерімен бірге оның өзі, оның өмірі - сабақ аларлық. Бір қызық жәйт - Канттың өмірінде, дейді Мамардашвили, назар аударарлық ешқандай оқиғалар болмаған деуге болады. Өмір бойы бір қалада – Кенигсбергте тұрған. Шығыс Пруссия жерінен ешқайда шықпаған. Басқа жерлерден оны көруге, онымен сөйлесуге атақты адамдар оған келіп тұрған (Фихте, Карамзин т.б.), ал өзі ешқайда, ешкімге бармаған. Сөйткен адам, оқымысты кейін университетте өне бойы географиядан сабақ беріп, «Физикалық география» деген үш томдық еңбек жазған. Еш жерде болмаған адам калайша мұхиттар, теңіздер, кұрлықтар, таулар, жан - жануарлар жөнінде, әр түрлі халықтар, елдер, олардың салт-дәстүрлері, әдет - ғұрыптары, мәдениеті жөнінде мамандар күмән келтірмейтіндей мағлұматтар береді?! Ғажап емес пе? Канттың не нәрсені болса да көзімен көргендей, сол жерге, сол елге, өзі арнай барғандай көз алдына келтіре алатын, сол жерді, сол елді, сол нәрсені сонда тұрған адамдардай суреттей алатын ойлау қабілеті болған. Кант ойлау, киял қабілеті жөнінде кеп жазды, терең пікірлер айтты. Тектен тек емес екен. Канттың априорлық (латынша аргіогі-бұрынғыдан) ұғымдар, априорлық түсінік жөніндегі ілімі бар: адам санасында тәжірибеден тыс пайда болатын түсінік.