Бізге қытай, иран, грек тарихшылары арқылы жеткен аңыз бойынша, ғұндар өз жауларынан жеңіліп, халқы түгел дерлік қырылып, жалғыз бір бала аман қалыпты.Жау әскері оны өлтіруге қимай,шөбі шүйгін бір көл жағасына тастап кетіпті. Баланы Көркем көл (Ыстық көл) маңайында жүрген бір бөрі асырайды.Аңшылар соңынан түсе берген соң әлгі бөрі баланы алып, Алтай тауына қарай кетіп қалады. Бөрінің баланы асырап алған жері "Ергенекөн" деп аталады.Ә.Марғұлан түріктердің ататегі туралы әфсананы жалғастыра түседі.Ергенекөн алабы, жан-жағын биік таулар қоршап алған кең алқап,қандай жау болса да таудан асып түсе алмайтын мықты бекініс, іші толған байлық, шөбі, суы орасан көп. Бөрінің қаншығы осы арада бекініп, баладан он ұл көтереді.Соның бірі -- ғұн ұрпағы Ашина. "Ергенекөн" дастаны түркі халықтарының шығу тегін, түрлі тайпалық топтарға бірігуін, көне кәсібін, өмір сүру салтын аңыз-әфсаналармен жекелеген тарихи деректер бойынша жыр еткен, бізге толық күйінде жетпеген ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі саналады.