Абай ойдың түзелуі барысында «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дей келіп, «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін. Ыржаңдамай, тыңдасаң нең кетеді, шығарған сөз емес қой, әңгіме үшін. Адасып, алаңдама, жол таба алмай, берірек түзу жолға шық қамалмай. Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ, ең болмаса кеттің ғой, мал баға алмай» (сонда) деп, халқын дамудың тура жолына бағыттады. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы алашшылдар ұлтты жандандыратын осы сөздерді жаңғыртып, тұтас бір ғылыми жүйеге айналдырды, осындай асыл ойды іске, жүзеге асыру сендерге аманат деп, кейінгі ұрпаққа үлкен үмітпен қарады.
Ел тұтастығы ой бірлігінен, «ақылға бірліктен» бастау алады деп білген Абай осы идеяларды жүзеге асырудағы сөздің атқаратын қызметін аса жоғары бағалайды. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ақынның «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеу айтып отырған себебі – адамды адам қылып, ел бірлігін сақтайтын идеялар жасалды; енді соны дұрыс сөз арқылы сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, ары қарай жүзеге асыру керегін алға тартып отыр.