Бекірелер
Бекірелер — Қазақстанда бұл отрядтың 7 өкілі: қортпа, сүйрік балық, бекіре, сібір бекіресі, шоқыр, мекіре, тасбекіре тіршілік етеді. Бекірелер сүйекті-шеміршекті балықтар, басқа балықтардан сыртқы пішіні және құрылысымен ерекшеленеді. Денесі ұзынша ұршық тәрізді, бес қатар сүйекті өсінділермен жабылған (бір қатары арқасында, екеуі екі бүйірінде және екеуі құрсағында), осы қатарлардың ортасында ұсақ сүйекті түйіршектер мен тақтайшалар бар. Басы конус тәрізді созылған және тұмсығы күрек тәрізді. Төменгі жақта тісі жоқ. Бекірелер ұзақ өмір сүретін, кеш жетілетін балықтар, әр түрлі түрінің аталықтары 5-13-тен 8-18 жаста, ал аналықтары 8-12-ден 16-21 жаста жынысты жетіледі
Сонымен қатар, дене пішіндері өте үлкен болады. Мысалы, қортпаның салмағы 1 тоннаға дейін, ұзындығы 4-4,5 метрге дейін жетеді, 2 тонналық балықты ұстаған жағдайлар да белгілі. Тасбекіре 40 см-ден артық өспейді. Олар уақытының көбін теңізде өткізеді (Каспий және Арал теңіздері), ал ұрығын шашу үшін өзенге көтеріледі. Барлық бекірелерді бағалы, жоғары сапалы еті және қара уылдырығы үшін әрқашанда көп ауланған. XX ғасырдың аяғында саны азайып кетті, сондықтан бұл кәсіптің уақытын реттеуге тура келді. Қазіргі кезде бекіре балығын ұстау үшін арнайы рұқсат керек, кей түрлері Қазақстан Қызыл кітабына енгізілді (тасбекіре мен мекіре) және ұстауға тиым салынды. Қазақстанда қортпа, бекіре, шоқыр – Каспий теңізі мен Жайықта; Сібір бекіресі – Бұқтырма су қоймасы мен Ертісте; сүйрік бекіре – Жайық, Ертіс, Тобыл өзендерінде; мекіре – Каспий теңізі мен Жайықта, ертеректе ол Арал теңізінде кездесетін, қазір Балқаш су қоймасында жерсіндірілген, ал тасбекіре – Сырдария өзені мен оның суармалы каналдарында таралған.