Қинады қыздың шарты, бөлек екен
О,сұлу, неткен қатал керемет ең?!
"Анаңның жүрегін ап келген күні
Мен саған жар боламын", -деген екен.
Сол қызға есі ауған жігіт мүлде,
Бүк түсіп жата алмады құрып күнде.
Ұйқыда бейқам жатқан сорлы ананың
Жүрегін жұлып алды тұрып түнде.
Сүюдің серті ме еді соның бәрі,
Ол міне, қыздың шартын орындады,
Сүрініп кетсе жігіт келе жатып,
Жүрегі түсіп кеткен қолындағы.
Ананың кезі бар ма кекті болған
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек
"Құлыным, байқасаңшы", -депті оған...