Сөз таптары

Зат есім

Сан есім

Сын есім

Етістік

Есімдік

Одағай

Шылау

Үстеу

Еліктеу сөздер

Зат есім - заттың, құбылыстың атын білдіріп, кім? не? деген сұраққа жауап беретін сөз табы.

Жалпы есімдер деп тілдегі әр алуан деректі және дерексіз заттар мен ұғымдарды білдіретін зат есімдер аталады.

Жалқы есімдер деп белгілі бір ғана затты арнай, даралай атайтын зат есімдерді атаймыз.

Көптік мәнді есімдер деп затты жеке-даралап атамай, оның жиынын тобымен атайтын зат есімдерді атайды.

:Сын есім — заттың түсін, сапасын, белгісін, күйін, салмағын, көлемін, иісін т.б. қасиеттерін білдіретін сөздер.
Қазақ тілінде сын есімдердің сұрақтары – қандай? қай?

Тұлғалық жағынан сын есім негізгі және туынды болып екіге бөлінеді.

Негізгі сын есімдерге – түбір сын есім жатады. Түбір сын есмі жұрнақсыз, басқа сөздермен бірікпей, қосарланбай, тіркеспей, жеке тұрып-ақ сындық мағына береді.

Сын есімнің туынды түріне сын есімдердің бірігуі, қосарлануы, зат есім мен сын есімдердің тіркесуі арқылы және сын есімге, басқа сөз таптарына түрлі жұрнақтар қосылуы арқылы жасалған сөздер жатады

Дара сын есімдер - құрамы бір ғана сөзден тұратын сындық мағыналы сөздер: әдемі, жақсы, күлкішіл, ұзын, қоңыр т.б.

Күрделі сын есімдер - ең кемі екі сөзден құралып, бір сындық ұғымды білдіретін сөздер: күрең қызыл, қара ала, қара сұр, ақ сақалды т.б.

Сан есім — заттың санын, мөлшерін, ретін, шамасын білдіретін сөз табы.

Сан есімдер морфологиялық құрамына қарай, негізгі сан есімдер және туынды сан есімдер болып екіге бөлінеді.

Негізгі сан есімдер қатарына тек қана есептік сандар жатады. Мысалы: бір, екі, үш т. б.

Туынды сан есімдер негізгі есептік сан атауларына -ыншы, -ау, -ер, -тай қосымшалары қосылу арқылы жасалады. Мысалы: бір - бірінші, он - оныншы; екі - екеу, алты - алтау; бір - бірер, қырық - қырықтай, елу - елудей т.б.

Сан есімдер есептік сан, реттік сан, болжалдық сан, жинақтық сан, топтық сан, бөлшектік сан болып алты топқа бөлінеді.

Есептік сан есімдер жалпы заттың, зат есімнен туған сындық белгінің немесе іс-әрекет, амалдың ұзын-ұрға саны, сандық мөлшерін білдіру үшін қолданылады.

Реттік сан есімдер есептік сандарға -ыншы (-інші) жұрнақтарын қосу арқылы жасалады да, белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық ретін білдіру үшін қолданылады.)

Жинақтық сан есімдер бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнақтарын қосылуы арқылы жасалады.

Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжамдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан (-ден, -тан, -тен) аффиксін қосу арқылы жасалады да, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшердің топтап көрсетеді

Болжалдық сан есімдер - белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сөздер.

Бөлшектік сан есімдер - негізінде таза математикалық ұғымға байланысты туған сөздер. Олар белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін білдіреді.

Есімдіктер - заттың атын, сынын, санын,олардың аттарын білдірмейтін, бірақ солардың (зат есім, сын есім, сан есімдердің) орнына жұмсалатын сөз табы.

Мағыналарына қарай есімдіктер мынадай топтарға бөлінеді:
жіктеу есімдіктер;
сілтеу есімдіктер;
сұрау есімдіктер;
өздік есімдіктер;
белгісіздік есімдіктер;
болымсыздық есімдіктер;
жалпылау есімдіктері;

Жіктеу есімдіктеріне мен, сен, сіз, ол, біз (біздер), сендер, сіздер, олар деген сөздер жатады.

Сілтеу есімдіктеріне бұл, осы, сол, анау, мынау, сонау, осынау, ана, мына, сона, әні, міне деген сөздер жатады. Бұл есімдіктер негізінен алғанда, сілтеу, көрсету, нұсқау сияқты ишараттарды білдіріп, қай? қайсы? деген сұрауларға жауап беретін аттрибутивтік сөздер.

Сұрау есімдіктері мыналар: кім? не? неше? қай? қандай? қанша? қалай? қашан?


Бұлардан басқа да бірнеше сұрау есімдіктері бар, бірақ олар - белгілі жолдармен жоғарыда көрсетілген негізгі сұрау есімдіктерінен жасалған есімдіктер.

Қазақ тілінде өздік есімдікке жалғыз ғана өз сөзі жатады. Бұл есімдік көбінесе өзім, өзің, өзіңіз, өзі, өзіміз, өздеріңіз деген сияқты оңаша және ортақ тәуелдеулі түрде қолданылады.

Белгісіздік есімдіктер деп мағыналары жағынан заттар мен құбылыстарды нақтылы түрде білдірмей, белгісіз мәнде айтылатын сөздерді айтамыз.
Белгісіздік есімдіктердің жасалауына бір, әр, әлде деген үш сөз ұйытқы болып қызмет атқарады, белгісіздік есімдіктер осы сөздердің кейбір басқа есімдіктермен бірігуі арқылы жасалады.

Болымсыздық есімдіктер негізінде еш деген сөзбен кейбір есімдіктердің бірігуі арқылы жасалады.

Жалпылау есімдіктері деп мағына жағынан кем дегенде екі я онан көп заттар мен құбылыстарды жинақтай атау үшін қолданылатын сөздерді айтамыз.
Жалпылау есімдіктеріне бәрі, барлық, барша, бар (бар адам), күллі, бүкіл, түгел деген сөздер ғана жатады.