Бұл кезде тас бұйымдардың негізгі бөлігін жаңқалар құраған, ал құралдардан сол кезең мәдениетіне сәйкес чопперлер мен чоппингтер болған. Ағылшын тілінде чоппер және чоппинг «шабатын құрал», «балта», «кесу механизмі» дегенді білдіреді. Чоппер - бұл тақыр тас кесінділерінен (өзен жұмыр тасы немесе домалақ тастар), немесе жуан тастың жаңқасынан жасалған, кесетін жағы дөңес немесе жазық, тек бір беті (жағы) ғана өңделген, дөрекілеу келген кескіш сайман. Чоппинг те соған ұқсас, бірақ екі беті де өңделген дөрекі құрал. Жаңқалар деп негізінен тастарды өңдегенде алынатын қалдық түрлерін айтады, бірақ еңбек және аңшылық құралдары және кесуші тас бұйымдар солардан жасалады деу қате болады. Дайын бұйымдарды жасау үшін тасты қашауға шой балға пайдаланылды.