Қыз балаға, яғни әйел затына табиғи жылылық, сезімталдық, тұрақтылық, кешірімділік, ұқыптылық, адалдық сияқты қасиеттер тән деп санады. Ананың жылы лебін, ақыл-ойын, аялы алақанын, шаруақорлығын жүрегімен сезіп, көзімен көрген бала әдепті, адамгершілігі мол, дені сау болып өсетінін жақсы білді. «Қыз – жағадағы құндыз, жігіт – аспандағы жұлдыз», «Қыз кетсе-қызық кетер», «Қыз қылығымен сүйкімді», «Ырыс алды – қыз», «Қарағым-шырағым, ауыл көркі – ақ лағым», «Қызы бар үйдің – қызығы бар» – деп оларға үлкен сеніммен үміт артады. Болашақ ана ретінде қадірлеп, «Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын, әйел адамның алдында тербететін бесігі болсын» деп зор міндет жүктейді.