Автор қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылу керек дегенге де арнайы тоқталады да: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруа-кәсіп, қолөнері, жағрафия, жаратылыс болуы керек деп саралап көрсетеді. А.Байтұрсынов осы пәндердің оқулықтарын шығарудың қолға алынғанын, алайда арнайы баспахана болмағандықтан, кейбір оқулықтарды шығару ісіндегі қиындықтарды қынжыла баяндайды. Автор бірлі-жарым шыққан оқулықтарды оқу ісіне пайдаланбай жатып сынға алушыларды сынай келе, оқулық жасауға тәжірибелі мұғалімдердің де ат салысуын талап етеді. Мәселен, Назаров деген біреудің қазақ мектептерінде ана тілінде оқытатын оқулық жоқ болғандықтан, бірден орысша оқытуды қуаттаған пікірінің негізсіздігін әшкерелеп: "Ана тілімен оқу бізге керек екендігінде еш талас болмаса керек", - деп кесімді пікір айтады.