Біздің ардақты аналарымыз «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» ғой. Осымен қатар, қазақ халқында «Бесіксіз үйде береке жоқ» деген сөз де бар. Және де бабаларымыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие– тал бесіктен басталады» деп келешек ұрпаққа аманат етіп, айтып кеткен сөздері де бар. Қазақ халқының бесікті қадірлейтіні соншалықты, атасы жатқан бесік немере, шөбере, шөпшегіне дейін қастерлі мүлкі ретінде сақталып, сол бесікке бөленіп,сол бесіктен ержетеді. Яғни,бір бесік жылдар бойы атадан балаға беріліп отырған. Тіпті,қазақ халқы өзінің кіндік қаны тамған жерін «Туған жерім– алтын бесігім» деп атайды.