Алғашқы адамдар тобыры — адамдардың тас дәуіріндегі тіршілік үшін бірлесіп күресу қажеттілігінен туған алғашқы тобы. Археологияда төменгі және орта палеолит дәуірін, антропологияда архантроптар — питекантроп, синантроп, атлантроп, Гейдельберг адамдарының өмір сүрген кезеңін қамтиды. Б.з.б. 1,9 млн — 36 мың жыл аралығында үңгірлерде өмір сүрген, отты пайдалана білген. Тастан, ағаштан, сүйектен құралдар, қарулар жасаған. Табиғатқа толық тәуелді болған Алғашқы адамдар тобырына ұжымдасу адамдарға қорғануды, шабуыл жасауды, аң аулауды, жиын-терін жүргізуді, ұрпақ жалғастыруды үйретті. Рудан бұрынғы бұл әлеуметтік құрылымның өзгешелігі — қоғамдық қатынастар қалыптаспаған, әлсіз болды, қауым-үй шаруашылығы болмады, туысқандық қатынас тым қарапайым сипат алды. Сонымен қатар бұл құрылымға неке байланыстарының біршама реттелгендігі тән. Алғашқы адамдар тобырының мекендері Қазақстанда Сарыарқадан, Батыс және Оңтүстік Қазақстаннан, Жетісудан, Балқаштың солтүстік өңірінен табылды.
Питекантроптың ортан жілігінің құрылысы адамның ортан жілігіне ұқсас болуы, оның тік екі аяқпен жүріп тіршілік еткенін аңғартады. Оның кейбір белгілерінің маймылға, ал кей белгілерінің адамға ұқсастығына байланысты оған маймыладам (питекантроп) деген ат берілді. Кейіннен оның қаңқа қалдықтары Қытай, Германия, Венгрия, Солтүстік және Оңтүстік Африка жерлерінен де табылды. Питекантроптың қаңқа қалдықтары табылған кезде, әлі де аустралопитектердің де, епті адамдардың да қаңқа қалдықтары табылмаған еді. Сондықтан көп уакытқа дейін питекантроптар адамтектес маймылдар мен адамдар арасын байланыстыратын тіршілік. Питекантроптар иесі саналып келді. Қазіргі кезде питекантроптарды архантроптарға (ежелгі адамдарға) немесе тік жүретін адамға ("ноmо erectus") жатқызады. Ежелгі адамдардың сыртқы дене құрылысының едәуір айырмашылықтарына қарамастан, олардың бәрін бір ғана түрге жатқызады. Архантроптар жер бетінде бұдан 1 млн жыл мен 500 мың жылдар аралығындағы кезеңде тіршілік еткен.
Ежелгі адамдар (архантроптар). 1891 жылы голланд ғалымы Эжен Дюбуа Ява аралынан тасқа айналған ежелгі адамның қазба қалдықтарын тапты. Бұл қаңқа қалдықтарының бұдан бұрынғы 1, 9 млн — 650 мың жыл аралығында өмір сүрген адамның сүйектері екендігі анықталды. Оны Эйсен Дюбуа питекантроп деп атады. Ол гректің "Pithekos" — маймыл және "anthropos" — адам сөзінен — алынып, маймыладам деген ұғымды білдіреді. Оның бас сүйегіндегі қас үсті доғасы ерекше алға қарай шығыңқы, маңдайы артқа қарай жазық тайқы болып келген. Ал шүйде сүйегі артқа қарай шығыңқы. Бұл адамтектес маймылдарға ғана тән белгілер. Оның миының салмағы 900 г, яғни адамтектес маймылдардың миынан біршама үлкен.